«Терроризм қатерлерінің алдын алу және алғашқы әрекеттерге ден қою» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді
«Таразэнергоорталық» АҚ қызметкерлеріне терроризм қатерлерінің алдын алу, терроризмнің алғашқы белгілері мен ықтимал қауіптеріне уақтылы әрі дұрыс ден қою дағдыларын арттыру мақсатында семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңеске Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің Терроризмге қарсы орталығы бөлімінің офицері Б.Б.Джолдасбаев қатысып, терроризм қатерлерінің алдын алу және алғашқы әрекеттеріне ден қою бағытындағы өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында терроризм қатерлерінің негізгі сценарийлері, оның ішінде терроризм актісі дайындалып жатқаны туралы анонимді хабарламалар келіп түскен жағдайдағы, объектілерге қарулы шабуыл жасалған, кепілге адам алынған, жарылғыш құрылғылар қойылған, өзін-өзі өлтіру арқылы террорлық (террорист-самоубийца) шабуыл жасаған, көлік құралдарын адамдарды қағу мақсатында пайдаланған, химиялық қауіпті және улы заттар қолданылған жағдайлардағы, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары мен квадрокоптерлер арқылы қауіп төндірілген кездегі іс-қимылдар қарастырылды.
Сонымен қатар инфрақұрылым объектілерін қасақана өртеу немесе бүлдіру, ақпараттық жүйелерге кибершабуыл жасау және пошта арқылы терроризм актісін жасауға бағытталған әрекеттер орын алған кездегі қауіпсіздік шаралары түсіндірілді.
Іс-шара барысында қызметкерлерге терроризм қатерлері туындаған жағдайда сақтық шараларын сақтау, қауіп туралы ақпаратты уақтылы хабарлау және белгіленген тәртіпке сәйкес әрекет ету қажеттілігі түсіндірілді.
Семинар-кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, терроризм қатерлерінің алдын алу және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл тәртібі бойынша қосымша ақпарат алды.

