«Таразэнергоорталық» АҚ қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістер түсіндірілді.
«Таразэнергоорталық» АҚ қызметкерлерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында семинар-кеңес өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Е.Н. Жылысбаев қатысып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы өзекті мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Семинар-кеңесті «Таразэнергоорталық» АҚ техникалық директор орынбасары А. Ескермесов ашып, сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен мемлекеттің дамуына кері әсер ететін маңызды факторлардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық мемлекеттік институттарға, заңдылық пен әділдік қағидаттарына деген қоғамдық сенімге кері ықпал етеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру әрбір ұйым мен қызметкердің ортақ міндеті екеніне назар аударылды.
Өз кезегінде Е.Н. Жылысбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген бірқатар маңызды өзгерістерге тоқталды. Атап айтқанда, заңнамадағы «жеке мүдде» ұғымының мазмұны, мүдделер қақтығысының түрлері және оны болғызбау мен реттеу бойынша белгіленген талаптар түсіндірілді.
Баяндамашы мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу бойынша тиісті шараларды қабылдамау жауаптылыққа әкеп соғатынын атап өтіп, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор ұйымдарында бұл талаптарды сақтау қажеттігіне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, семинар барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің дербестігін күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер, олардың өкілеттіктері мен негізгі міндеттері туралы ақпарат берілді. Қызметке қабылдау кезеңінде мүдделер қақтығысын автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретін цифрлық кадрлық жүйенің құқықтық негіздері де түсіндірілді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістерге де назар аударылды. Параны талап ету, пара беруге уәде ету және пара ұсыну бойынша қылмыстық жауаптылықтың күшейтілгені, сондай-ақ тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы шаралар туралы айтылды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер, оның ішінде кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдамау үшін жауаптылық мәселелері қаралды.
Семинар соңында қатысушылар тарапынан баяндамашыға сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді. Іс-шара қатысушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары жөніндегі құқықтық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәдениетін нығайтуға және адалдық қағидаттарын ілгерілетуге бағытталды.
Семинар қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізу туралы шешім қабылданды.

